Қазақстан қазір «жасыл аймақта» немесе коронавирус инфекциясы бойынша қауіпі төмен аймақта тұр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов мәлімдеді.

«Бүгінде республикамыз жасыл аймақта немесе қауіпі төмен аймақта тұр. Жоғары қауіпті аймақта немесе қызыл аймақта 2 өңір қалды: Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облысы. Өткен аптамен салыстырғанда Қостанай және Ақмола облыстары қызыл аймақтан сары аймаққа немесе орташа қауіпті аймаққа ауысты, сондай-ақ Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, Шығыс Қазақстан және Атырау облысы сары аймақта тұр», - деді Е.Қиясов.

Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысы сары аймақтан жасыл аймаққа ауысты. Қалған өңірлер жасыл аймақта орналасқан. Эпидемиологиялық жағдайы жақсарған өңірлерде 2 апта ішінде карантиндік шараларды жеңілдету мәселесі қаралуда. Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, жоғары қауіпті аймақтарда қатаң карантиндік шаралар сақталады.

Ресми мәліметтерге сәйкес, 9 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасында 138 382 науқас COVID-19 жұқтырған және 43 339 адамға КВИ- диагнозы қойылды.