Қарағанды облысының Саран қаласында қуаттылығы жеңіл автокөліктерге арналған 3 млн және коммерциялық көлік пен автобустарға арналған 600 мың шина шығаратын кәсіпорын ашылмақ. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында журналистердің сұрақтарына берген жауабында мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл өндірісті «Allur Group» отандық компаниясы ресейлік «Татнефть» компаниясымен бірлесіп жолға қояды. Жобаның мақсаты бюджеттік шиналарға деген сұраныстың артуын қанағаттандыру, импортты алмастыру және өндірісті оқшаулау, көрші елдерге экспорттау әлеуетін дамыту болып табылады. Жаңа өндірісте 1 мыңға жуық жұмыс орны ашылады.

«Индустрияландыру картасына енген бұл жобаға мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары көрсетіледі. Қазіргі уақытта жобаны іске асыру бойынша Жол картасына қол қойылды. Жобаның құрылымы мен өзара іс-қимыл моделі анықталды. Жоба «ҚДБ-Лизинг» АҚ 2020 жылға арналған жобалар пулына енгізілді», -деді вице-министр.