Мемлекеттік кірістер комитеті 2018 жылдан бастап берешек сервисінің екінші деңгейдегі банктерімен интеграциялау бойынша ауқымды жұмыс жүргізді.

МКК төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаевтың айтуынша, нәтижесінде салық төлеушілер салық және әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларында, сондай-ақ салық төлеуші кабинетінде, МКК порталында, «Электрондық үкімет» порталында дайын деректемелер бойынша тексеру және төлеу мүмкіндігіне ие.

«Сервис азаматтарға дайын деректемелер бойынша бір мезгілде төлеу мүмкіндігімен алдағы салық сомасын оны төлеу мерзімі келгенге дейін білуге мүмкіндік береді. Бұрын салық төлеушіге банкке бару, кезекте тұру, банк комиссиясын төлеу, өз салығын төлеу үшін көптеген деректемелерді таңдау қажет болатын. «E-salyq Azamat» салық әмиянында қолда бар салық салу объектілері: мүлік, жер және көлік салығы бойынша online толықтыруға, автоесептеуге және қарауға болады. Салық төлеушілерді артық инстанцияларға жібермей, салық салу объектілері бойынша түзетуге уәкілетті мемлекеттік органдарға электрондық өтінімдерді жіберу мүмкіндігі жасалды», - деп атап өтті Ж.Іңкәрбаев.

2020 жылы банктік қосымшалар арқылы жеке тұлғалардың салықтары бойынша 2,6 млн - нан астам push-хабарлама жіберілді, нәтижесінде алдағы төлемдер сервисі бойынша 2,9 млрд теңге немесе мүлік салығы мен жер салығы бойынша барлық түсімдердің 44,8% келіп түсті.

Салықтарды төлеу туралы ақпарат екінші деңгейдегі банктерден МКК ақпараттық жүйелеріне онлайн режимде 2 минуттың ішінде түседі, ал бұрын салықтарды төлеу туралы ақпарат 2-3 күнде жететін. Салықтарды төлеу туралы ақпаратты алу уақытын қысқарту мемлекеттік қызметтерді жедел көрсетуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ жаңашылдықтар тауарларды шығару кезінде төлемді растайтын құжаттарды ұсыну талабын алып тастауға, бюджетпен есеп айырысулардың жай-күйі туралы өзекті мәліметтерді ұсынуға, өсімақыларды есептемеуге, инкассалық өкімдер шығармауға, шоттарға салынған тыйымды алып тастауды жедел жүргізуге мүмкіндік берді.