1990 жылдардың басында, Кеңес Одағы ыдыраған кезде Қазақстанның қазіргідей ел бола алатынына сенген адамдар өте аз болды. Ұлыбританияның экс-премьер-министрі Тони Блэрдің айтуынша, елдің табысы мен тұрақтылығы Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығына байланысты.

«Алда болатын сын-қатерлер мен реформаларға қарамастан, Қазақстан болашаққа сеніммен қарай алады. Президент Назарбаев әлем түсінуі тиіс үш маңызды нәрсені жасады. Біріншіден, ол ядролық қарудан бас тартты, соның арқасында Қазақстан өзінің ядролық арсеналын жойған жалғыз мемлекет атанды. Екіншіден, Қазақстан мұсылман халқы басым ел ретінде діни толеранттылықтың шамшырағы болып табылады. Қазақстанда дін мен мәдениеттегі айырмашылықтарға қарамастан христиан және еврей қауымдарымен жақсы қарым-қатынас орнатылған. Үшіншіден, Қазақстан екі жаһандық алып - Қытай мен Ресейдің арасында орналасқанына қарамастан, Батыстың адал және сенімді одақтасы болып қала берді, бұған мен 11 қыркүйектегі оқиғалардан кейін көз жеткіздім», - деді спикер өз бақылауларымен бөлісе отырып.

Ол сондай-ақ тұрақты жаңғырту процесінде ел экономикасы бірнеше есе өскенін атап өтті. Бұл айтулы жетістіктер.

«Егер аймаққа және соңғы 30 жылда басқа елдер тап болған барлық қиындықтарға көз жүгіртетін болсақ, Қазақстан өзінің салған жолын және алдағы уақытта нық сеніммен қадам басар жолын мақтан ете алады деп ойлаймын. Осының бәріне қолжеткізу үшін үлгілі көшбасшылық қажет болды, сондықтан оған өз құрметімді білдіру мен үшін үлкен мәртебе», - деді саясаткер.