Әлеуетті өнім берушінің қаржылық тұрақтылығы түріндегі біліктілік талабы енді конкурс және аукцион тәсілімен жүзеге асырылатын барлық сатып алулар бойынша қолданылады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ҚМ Мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаментінің директоры Сәбит Ахметов осылай деді.

«Өнім берушінің қаржылық тұрақтылығы Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметтері негізінде мынадай 4 параметр бойынша анықталады: меншікті кірістердің болуы - сатып алудың бөлінген сомасының кемінде жартысы; төленген салықтар - кірістердің кемінде 3%; меншікті негізгі құралдардың құны - сатып алудың бөлінген сомасының кемінде 1/15 және еңбекақы төлеу қоры - сатып алудың бөлінген сомасының кемінде 1/15», - деді департамент директоры. Сатып алу сапасы көбінесе әлеуетті жеткізушілердің біліктілігіне байланысты.

«Біз қаржылық тұрақтылықты алғаш рет екі жыл бұрын жеткізушіге қойылатын жаңа біліктілік талабы ретінде енгіздік. Мемлекеттік сатып алуға материалдық және еңбек ресурстары бар білікті компаниялардың ғана қатысуын қамтамасыз ету үшін құрылыс саласындағы сатып алулардан бастадық. Себебі сатып алу бюджетінің 60%-ы осы саламен байланысты. Бұл тәсіл мемлекеттік сатып алуға тек жақсы беделі бар компаниялардың қатысуын қамтамасыз етті. Осы тәсілді кезең-кезеңмен кеңейту шеңберінде 2020 жылдың 1 наурызынан бастап қаржылық тұрақтылық критерийі барлық жұмыс түрлері бойынша 50 млн теңгеден астам, ал 1 шілдеден бастап конкурс және аукцион тәсілімен жүзеге асырылатын барлық сатып алулар бойынша қолданылды», - деді Сәбит Ахметов.

ҚР ҚМ Мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаменті директорының айтуынша, құрылыста бұл бизнестің көлеңкеден шығуына түрткі болды. Қаржы тұрақтылығының критерийлеріне сәйкес болу үшін ағымдағы жылдың басынан бастап 6 млрд теңгеден астам сомаға ерікті түрде салық төленді. Бұл 2016-2018 жылдарға төленген салықтар. Салықты адал төлеу бизнес үшін жақсы үрдіске айналды.

Қаржы министрлігінің өкілінің айтуынша, бір күндік компаниялар құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуға енді қатыспайды.