Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьяларға ерекше өкілеттіктер берілген. Олардың қылмыс жасауы қоғамдық қауіптің артуымен сипатталады. Осыған орай, олар қатаң жаза алуы тиіс. Енді Заңмен сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін оларға санкциялар мен құқықтық салдары айтарлықтай күшейтілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов мәлімдеді.

Ол ең көп таралған «пара алу» бабы бойынша мысал келтіріп өтті.

«Баптың қолданыстағы редакциясы бойынша тағайындалған санкцияның мөлшері атқаратын лауазымға байланысты емес. Санкциялардың шегі тек пара мөлшеріне байланысты (қарапайым пара, айтарлықтай мөлшердегі пара, ірі мөлшердегі пара, аса ірі мөлшердегі пара). Заңмен ҚК-нің 366-бабында судьялар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты жаңа құрам енгізіліп, 5 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі санкция күшейтілді. Санкциялардың ұлғаюы соншалықты маңызды емес болып көрінеді. Әйтсе де, оның құқықтық салдары өте ауыр», - деп атап өтті спикер.

Енді құқық қорғау органы қызметкерінің немесе судьяның 138 900 теңгеге дейін қарапайым пара ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс болып саналады. Сондықтан, бұл тұлғалар шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндігінен айырылады және олар үшін жазасын бірден қоныс-колонияларда өтеу мүмкіндігі жойылады.

Заңсыз сыйақы алушыларға ғана емес, пара берушілер мен парақорлықтағы делдалдарға да қатысты жауапкершілік қатаңдатылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілінің айтуынша, азаматтар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің маңыздылығын түсінуі тиіс және бұл жаңа енгізілім қоғамда жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған.