Қазақстанның көп балалы отбасыларының үштен екісі ауылда тұрады. Олардың проблемаларын шешу мемлекеттік саясаттың орталығына айналуға тиіс. Атап айтқанда, әлеуметтік төлемдер. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Ауыл» ХДПП белсендісі Анас Баққожаев мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстанда балаларға төленетін әлеуметтік төлемдердің 8 түрі бар. Қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ адамдар шатасады.

«Тағы бір маңызды мәселе – төлем сомасы. Қазақстанда бала туу бойынша жәрдемақы мөлшері дамыған елдерге қарағанда 2 есе төмен. Әрбір министрлікте, әкімдіктерде, облыстарда тиімсіз бюджеттік бағдарламалар өте көп. Оларды осындай әлеуметтік бағдарламаларға қайта бағыттап, әлеуметтік төлемдер көлемін арттыру қажет», - деді партия өкілі.

Ол сондай-ақ «Ел аманаты» Ұлттық сауалнамасында жаңа әлеуметтік саясатты қалыптастыруға қатысты мәселе қарастырылғанын атап өтті. Сауалнамаға қатысқан әр адам өз ауылындағы проблемалары туралы және оларды шешудің ықтимал жолдары туралы жаза алады. Партия мүшелерінің күш-жігері ауыл еңбеккерлерінің өмірін жақсартуға, олардың бос уақытын ұйымдастыруға бағытталатын болады.