«Қазақстан ҰҚШҰ-ны ұйымға мүше мемлекеттердің белсенді жан-жақты қолдауымен беделді, тиімді құрылым ретінде қарастырады», - осылайша Нұрсұлтан Назарбаев осы бірлестіктің айрықша маңыздылығын атап өтті. Бұл ризашылық екі жаққа бірдей. ҰҚШҰ Бас хатшысы Станислав Зась «Нұрсұлтан Назарбаев: жаһандық ауқымдағы саясаткер» атты халықаралық конференцияда сөз сөйлеп, Қазақстанның және Елбасының аймақ қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті.

«Сіздердің елдеріңіз бүгінде Орталық Азияда көш бастап тұр, осы аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Республика көптеген сәтті реформалардың үлгісі ретінде танылды. Елде әлеуметтік келісім, тарихи және мәдени дәстүрлер сақталуда. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 30 жылдық көшбасшылығы бойына Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 6 еседен жоғары өсті. Азаматтардың әл-ауқаты да жақсарды. Осының бәрі Қазақстан халқынының жетістігі және көбіне ол елдеріңіздің Тұңғыш Президентінің еңбегі.

Құрметті достар, сіздің жетістіктеріңіздің кейбір көрнекі мысалдары таңқаларлық. Мен Қазақстан астанасында бірнеше рет болдым. Бүгінде бұл қазақстандықтар өмір сүруге ұмтылатын өте әдемі, заманауи, жайлы, жылдам өсіп келе жатқан мегаполис. 1994 жылы осы сайын даладағы орасан күрделі құрылыстың сәтті болашағына көп адам сене қойған жоқ. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының астанасы тың жердің маржанына айналды, және бұл маржанның атын қазақстандықтар – Нұр-Сұлтан деп бекер қоймаған. Көзі көргендердің, осы жерде тұрғылықты тұрғындарының айтуынша, кей кезде қыс аязы 50 градусқа дейін жететін бұл байтақ дала қазірде әлдеқайда жылына түскен», - деді Зась.

Ұйым басшысы қауіпсіздік жүйесіндегі өзгерістерге жеке тоқталды. Еліміздің жақсы дайындалған және жабдықталған Қарулы Күштері туралы айтып өтті. Ұйымның іргетасы қалай қаланғанын, жедел әрекет ету және авиация ұжымдық күштері құрылғанын еске алды.

«Құрметті конференция қатысушылары, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің сіңірген еңбегі жайлы ұзақ айта аламын. Осы мүмкіндікті пайдаланып, тағы бір жайтты айта кеткім келеді. Өмірде барлығы тағдыршешті шешімнен басталады. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бастамасымен 2013 жылы қабылданған ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы қызметінің ротациялық ауысу механизмі дәл осындай шешім деп ойлаймын. 2018 жылы осы қызмет Беларусь Республикасына өтті.

Мен Нұрсұлтан Әбішұлына осы қызметке тағайындау барысында менің кандидатурамды қолдап, оның алдындағы жеке кездесуімізде айтқан жылы сөздері мен игі тілектері үшін шексіз алғысымды білдіргім келеді.

Құрметті конференцияға қатысушылар, бүгінде, көп жағдайда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің арқасында, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Еуразия кеңістігінде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін халықаралық, көпфункционалды, аймақтық саяси құрылым ретінде қалыптасты. Оның саяси беделі ұйымның даму ісіне бұдан былай да қызмет ететініне сенімдімін», - деді Станислав Зась.