Коронавирустық инфекциямен және ауырлығы орташа дәрежедегі пневмониямен, ауыр және аса ауыр түрімен ауырып жазылған қазақстандықтар әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен оңалтудан өте алады. Азаматтардың үйде немесе ауруханада емделгеніне қарамастан. Денсаулық сақтау министрлігінің «Медициналық оңалту ережелерін бекіту туралы» бұйрығы Әділет министрлігіне тіркеуге берілді. Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде қалпына келтіру процедураларының механизмін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы түсіндірді. Болат Төкежановтың айтуынша, бұйрық бекітілгеннен кейін медициналық оңалтуға жолдама аурухананың немесе емхананың мультидисциплинарлық командасының қорытындысы бойынша реабилитологтың қатысуымен берілетін болады.

«Көрсеткіштерді бағалаудың негізгі критерийлері: тыныс алу функциялары (сатурация деңгейі, КТ/рентгенография деректері бойынша өзгерістер), күнделікті өмірге қабілеттілік (Бартел индексі). Өте ауыр және ауыр дәрежедегі КВИ және/немесе пневмониямен ауырған пациенттер тәулік бойы стационар деңгейінде екінші кезеңде оңалтуға жатады, кейіннен үшінші кезеңге ауыстырылады. КВИ/пневмонияны орташа ауыр, айқын бұзылуларсыз бастан өткерген пациенттер тәуліктік стационар деңгейінде, оның ішінде санаторий-курорттық жағдайларда, күндізгі стационарда және амбулаториялық-емханалық деңгейде үшінші кезеңде оңалтуға жатады. Үшінші кезеңді оңалтуға үйде емделген және медициналық ұйымдарға жүгінбеген азаматтар да сене алады. Әрине, олар да мультидисциплинарлық команданың бағасынан өтуі керек», - деді ол.

Жалпы, оңалту қызметтерін көрсету үшін биылғы жылы әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 46,7 млрд.теңге сомасына 559 жеткізушімен шарттар жасасты. Бұл қызметтерді жеткізушілер қатарында 203 жеке медициналық ұйым бар.

«Қор тарапынан денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бекітілгеннен кейін коронавирус немесе пневмониядан кейін оларға мұқтаж сақтандырылған халық үшін оңалту қызметтерін қаржыландыруды қамтамасыз етуге дайын», - деп сендірді Қор Басқармасының төрағасы.