ЖОО күзгі семестрге дайындығы мен білім беру сапасын қамтамасыз ету мақсатында ҚР БҒМ шектеу шаралары кезеңінде жоғары оқу орындарында оқу процесін ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Бану Нарбекова хабарлады.

Оның айтуынша, әдістемелік ұсынымдарға сәйкес жоғары оқу орындары аралық және қорытынды аттестаттау процедураларын прокторинг жүйесімен қамтамасыз етеді, сондай-ақ студенттердің барлық жазбаша жұмыстары плагиатқа қарсы арнайы жүйелер арқылы тексеріледі. Академиялық саясатқа өзгерістер енгізіліп, бағалау түрлері мен формалары қарастырылған. Мысалы, оқу процесінде өзін-өзі бағалау әдісі қолданылды, яғни әр студент өзінің ілгерілеушілігін немесе үлгерімін бағалайды.

«Прокторингтің бірнеше түрі бар - автопрокторинг, жазбаша және синхронды. Бұл прокторинг жүйелері әртүрлі функцияларға ие, соның ішінде тану, сәйкестендіру, назар аударуын талдау, көз бағыты мен шу деңгейін анықтау, білім алушының бейнесін ауыстыру, бөлмені 360 градус режимінде жазу», - деп түсіндірді Б.Нарбекова.

Елімізде 99 ЖОО-да прокторинг жүйесі орнатылған, 113-де басқа авторлардың мәтінінен алынғанын анықтайтын Plagiat.pl, Strikeplagiarism.com, Turnitin және Unihub плагиатқа қарсы жүйелер жұмыс істейді.