6 қазаннан бастап Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын автомобиль өткізу пункттері арқылы 149 мыңға жуық адам кесіп өтті, 278 адамда ПТР тестің оң нәтиже анықталды. Науқастардың ең көп саны Солтүстік Қазақстан облысының, Қостанай, Павлодар, БҚО шекарасында анықталды. Өткен аптада Ресеймен шекаралас облыстарда 122 жаңа импортталған жағдай анықталды. Мұндай мәліметтерді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова келтірді.

Ол сондай-ақ халықаралық рейстермен 60 592 жолаушы келгенін, тестіленген – 8 352, оң нәтижемен 41 жолаушы келгенін айтты.

«Соның ішінде Мысырдан келгендер арасында – 17, Түркия – 13, Беларусь – 6, Ресей – 1, БАӘ - 4. Сондықтан қазақстандықтарға егер шетелге шығуды жоспарласаңыз, ол жерден КВИ жұқтырып келуіңіз мүмкін екенін еске салғым келеді. Мүмкіндік болса, сапарды кейінге қалдырыңыздар»,-деп кеңес берді Есмағамбетова.

Сонымен қатар, шараларды күшейту аясында рейстер саны үнемі азайып келеді. Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктер мен олардың отбасы мүшелері үшін мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібі де қатаңдатылды. Олар 3 айда бір рет шекарадан өте алады. 2021 жылғы 1 мамырға дейін 57 елдің азаматтары үшін визасыз режимді тоқтата тұру ұзартылды. Ал 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін бізде ҚХР мен Үндістаннан транзиттік жолаушылардың 72 сағаттық визасыз болуы белгіленген.