Шымкентте COVID-19 ықтимал толқынына дайындық үш сценарий бойынша жүргзілді. Егер жағдай күрделенсе, берден 5,5 мың төсек-орын ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мегаполис әкімі Мұрат Әйтенов мәлімдеді.

«Шымкентте медициналық ұйымдарда COVID-19 індетіне қарсы екі айлық дәрілік заттар және медициналық бұйымдар қоры дайындалды, осы мақсатта 659 млн теңге бөлінді. Дәріханаларға мониторинг жүргізіледі. Бүгінгі күні оларда коронавирусты емдеуге қажет 1,7 млрд теңге көлемінде дәрі-дәрмек қоры жасалды. Қазіргі таңда Шымкентте 19 компьютерлік томография аппараттары жұмыс істеуде. Жалпы, қуаттылығы күніне 3550 тестке жететін 9 ПТР зертханасы бар. 3 оттегі станциясы орнатылды. Бұдан бөлек арналған сұйық оттегіге 9 резервуар орнату жұмыстары жүргізілуде. Жыл басында өкпені жасанды желдетуге арналған 310 аппараты болса, қазір олардың саны 612-ге жетті.», - деді М.Әйтенов өңірдің материалдық-техникалық жабдықталуына тоқтала отырып.

Ресми мәліметтерге сәйкес, Шымкентте өкпені жасанды жолмен желдету қондырғысын шығаратын кәсіпорын іске қосылды. Мұнда тәулігіне 20-25 ӨЖЖ аппараты құрастарылады. Оған қажетті бөлшектердің тең жартысын «Казмедприбор» мекемесі өндіреді. Сондай-ақ, кәсіпорын тыныс алуға арналған турбиналық аппарат, жаңа туған нәрестелер үшін инкубатор, функционалды кереуеттер, медициналық сорғыларды да шығаратын болады. Қазір 126 өкпені жасанды желдету қондырғысын, 318 реанимациялық монитор және 500-ге тарта Бобров аппаратын шығару бойынша жұмыстар атқаруда.

Сонымен қатар, жаңадан 100 жедел жәрдем автокөлігі алынып, автопарк толығымен жаңартылды. Жаңа call-center іске қосылды. Қоңырау қабылдау қуаттылығы тәулігіне 1500ден 3 500-ге жеткізілді.

Жалпы, материалдық-техникалық жабдықтауға 6,6 млрд теңге қарастырылған.