Қалалық жұқпалы аурулар орталығының жетекшісі Татьяна Чецоева өзін-өзі оқшаулауға және аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде созылмалы аурулары бар адамдар дереу медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді. Бұл туралы ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

«Өкпенің зақымдануын бақылауға мүмкіндік беретін бірнеше тірек белгілер бар: бұл 3 күн бойы дене температурасын түсіретін препараттармен төмендемейтін 38 градустан жоғары температура, тыныс алу жиілігі 20-дан асатын ентігу, тыныс алудың қиындауы, толық тыныс ала алмау сезімі, құрғақ жөтел, кеуденің ауыруы. Медицина қызметкері осы белгілерге сүйене отырып, сізді емдеуге жібереді», - деді спикер.

Айта кетейік, хаттамаға сәйкес, ПТР теріс, бірақ клиникалық белгілері бар науқастар ПТР+ анықталған науқастар сияқты емделеді.

Иммунитетті нығайту үшін қарапайым, бірақ тиімді шараларды сақтау керек. Ұйқы режимін сақтау, таза ауада серуендеу, қоғамдық орындарда бетперде тағу және қолғап кию. Алдағы қысқы кезеңде халықта микст-инфекция болуы мүмкін, деп қауіптенеді дәрігер.