Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР БҒМ сапасыз білім беретін жоғары оқу орындарын оңтайландыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Жыл басынан бері 26 ЖОО-да профилактикалық бақылау жүргізілді, жыл соңына дейін тағы 5 ЖОО-да бақылау жүргізу жоспарланған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов мәлімдеді.

«Тексерулер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізіледі, Бас прокуратурада тіркеледі. Тексеру нәтижелері бойынша жоғары оқу орындарының бір бөлігі қойылатын талаптарға сәйкес келмейтінін байқадық. Атап айтқанда, жоғары оқу орындары талапкерлерді қабылдау, белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін оқытушыларды жұмысқа қабылдау, педагогикалық жүктемені жоспарлау, білім алушыларды қорытынды аттестаттау және т.б. жағынан бұзушылықтарға жол береді», - деп атап өтті спикер.

Ол сондай-ақ жабық жоғары оқу орындарының студенттері үшін өзекті мәселеге жауап берді.

«ЖОО таратылған, білім беру қызметімен айналысуға лицензиясынан, лицензияға қосымшадан айырылған немесе олар қайтарып алынған жағдайда, студенттер семестрдің аяқталуын күтпей-ақ басқа жоғары оқу орындарына ауыса алады. Барлық білім алушылар белгіленген тәртіппен басқа жоғары оқу орындарына ауыстырылады және оқуын жалғастырады. Сондай-ақ, оқытушыларды жұмысқа орналастыру мәселесі де пысықталуда», - деп атап өтті вице-министр.

Айта кетейік, 25 ЖОО кадрларды даярлаудың бейінді емес бағыттары бойынша лицензияның 60 қосымшасынан айырылды. Мысалы, педагогикалық жоғары оқу орындары заңгерлер мен экономистерді оқытпай, керісінше педагогикалық білімнің сапасына көңіл бөлуі тиіс. «Профильдеу» бойынша жұмыстар жалғасын табады.