Қазақстанда 1 наурыздан бастап автогаз құю станцияларында сұйытылған мұнай газының бөлшек сауда бағаларын уақытша мемлекеттік реттеу алынып тасталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Энергетика министрлігінің Газ және мұнай-газ химиясы департаментінің директоры Қуаныш Сәрсекеев хабарлады.

Ол сұйытылған газды сатуды уақытша мемлекеттік реттеу 2020 жылы сәуірде енгізілгенін түсіндірді. Оған ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімі негіз болды. Шекті бағаларды белгілеу туралы бұйрық қабылданды.

«Қазіргі кезде АГҚС-қа бөлшек сауда бағаларын нарық сұраныс пен ұсыныстарды ескере отырып белгілейді. Энергетика министрлігі жүргізген ТМД бөлшек сауда бағасына талдау көрсеткендей, ағымдағы бағалар пандемияға дейінгі 2020 жылдың 1 тоқсанына қарағанда, республика бойынша орта есеппен 5%-ға төмен. Яғни, ағымдағы нарықтық бағалар бұрын қолданыста болған бағадан да төмен», - деді Сәрсекеев.

Бұл ретте Энергетика министрлігі ай сайын ішкі нарыққа сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспарын қалыптастыруды жалғастыруда. Көлемнің төрттен бір бөлігі электронды сауда алаңдары арқылы сатылады. Қалғаны министрлік тоқсан сайын бекітетін көтерме шекті баға бойынша беріледі.

«2021 жылдың I тоқсанына баға ҚҚС-сыз 38 701 тг/тонна деңгейінде бекітілді, бағалар 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап өзгерген жоқ. 2020 жылдың 3 тоқсанын қоспағанда, сұйытылған газға әлемдік бағаның төмендеуіне байланысты құны ҚҚС-сыз тоннасына 28 000 теңгеге дейін төмендеді», - деп атап өтті ведомство өкілі.

«Атамекен» ҰКП мен салалық қауымдастықтар мемлекеттік органдарға бұйрықтың қолданылу мерзімін шектеу туралы бірнеше рет өтініш білдірді. Оны ұзартқан жағдайда кәсіпкерлерде, яғни ЖМҚС иелерінде штат пен қызметкерлердің жалақысын қысқарту тәуекелі болды. Сондай-ақ жекелеген өңірлерде белгіленген төмен бағалар газ көлемінің неғұрлым жоғары бағалармен басқа өңірлерге ағылуына ықпал етуі мүмкін. Бұл сұйытылған газ тапшылығын тудыруы мүмкін.