Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ИИДМ Құрылыс және ТКШ істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов мәлімдеді.

«Үстіміздегі жылы 15 млн шаршы метр тұрғын үй салу бойынша міндеттеме алдық. Бұл 150 мыңнан астам отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді, оның ішінде 40 мыңға жуық отбасы мемлекеттік инвестициялар шеңберінде тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік қолдау көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артып отыр», - деп түсіндірді спикер.

Мысалы, «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша 17 мың жеңілдетілген несие беріледі. Ол биыл пилоттық түрде жүзеге асырылуда. 90 млрд теңге көлеміндегі бірінші транш қазірдің өзінде жергілікті жерлерге жолданды.

Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасымен шалғай елді мекендерге баса назар аудара отырып, ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлерін қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету тетігі әзірленуде.

«Яғни, жұмыс беруші үлгілік жоба бойынша өз қаражаты есебінен тұрғын үй салады. Мемлекет, өз кезегінде, үйдің тіркелген құнының 50%-ын республикалық бюджеттен субсидиялауға міндеттенеді. Бұл ауылдық жерлерге білікті мамандарды тартуға және қолда бар еңбек ресурстарын сақтап қалуға мүмкіндік береді», - деді комитет төрағасы.