Қараша айының ортасында министрлік кездесу барысында ОПЕК мүшелері мұнай-газ саласының дамуына әсер ететін ықтимал тәуекелдер мен оң сәттерді талқылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте энергетика министрі Нұрлан Ноғаев журналистің баррель құнына әсер ететін факторлар туралы сұрағына берген жауабында мәлімдеді.

«Мұнай-газ саласы өте сезімтал сала, ал мұнай мен газ биржалық тауар сала болғандықтан, әлемде болып жатқан барлық өзгерістер бағаға әсерін тигізеді. Біз ірі мемлекеттер басшыларының мәлімдемесі немесе қабылданған қандай да бір концептуалдық шешімдер бағаның қалыптасуына тікелей әсер ететініне көз жеткізіп отырмыз. Алыпсатарлық фактор - уақытша, сонымен қатар биыл резервуарлардың толып кетуіне және жекелеген бөлімдердің мен тұтас кен орындарының тоқтап қалуына жол бермеу үшін өндірісті 5 млн тоннаға азайттық. Бұл ОПЕК+ келісімі аясындағы қажетті шаралар болды. Бүгінгі күнге дейін біз өз келісімді ұстанып отырмыз. Мұнай-газ саласы сарапшыларының пайымдауынша, көптеген елдерде әзірленіп жатқан коронавирусқа қарсы вакцинаны шығару оң ықпалын тигізеді және экономикалық дамуды қалпына келтіреді, экономикалық қозғалыстар, ұшақтардың ұшуы, адамдардың қажеттіліктерін күнделікті қанағаттандыру үшін көлік құралдарын пайдалану жанданады. Әрине, біз әлемнің әртүрлі нүктелерінде болып жатқан әскери қақтығыстарға сақтықпен, алаңдаушылықпен қараймыз, бірақ вакцина ойлап табылып, адамзат бұрынғы режимге енеді деп үміттенеміз», - деп жауап берді министр.

Айта кетейік, 1-2 желтоқсанда ОПЕК+ мүшелері кеңейтілген құрамда мұнай өндіруді қысқартуды одан әрі ұзарту немесе қазіргі шекте тоқтату туралы хабарлауы тиіс. Қолданыстағы келісімге сәйкес, 21-ші жылдың 1 қаңтарынан 22-ші жылдың сәуіріне дейін қысқарту көрсеткіші 14% болуы керек.