Қауіп-қатер топтарына жататын медицина мамандарынан бөлек педагогтар, қарулы күштерде қызмет ететін азаматтар, сондай-ақ, әлеуметтік тәуекел топтарға жататын студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдарды вакцинациялау медициналық кері көрсеткіштері болмаған жағдайда сатылы түрде және вакцинаның өндірістен келіп түсуіне қарай жүргізіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары Айнагүл Қуатбаева мәлімдеді. Оның айтуынша, 12 наурызға дейін н елімізде 59 мыңнан астам адам COVID-19 қарсы егілді. Вакцинациялаудың екінші сатысында осы санаттарға жататын 18 мыңнан астам вакцинамен қамтамасыз етілді.

«Екпе жасатқан адамдардың ахуалын мониторингтеуге баса назар аударылады. Ол электронды жүйе арқылы жүргізіледі. Біз олардың жағдайын қадағалап, бақылаймыз. Біріншіден, вакцинация жұмысы әр адамның жеке келісімі арқылы жүзеге асырылады. Бұл түсіндіру жұмыстары мен медициналық тексеруден кейін атқарылатын арнайы процедура болып саналады. Вакцина алған адам егу бөлмесінің жанында орналасқан арнайы бөлмеге 30 минутқа жатқызылады. Осыдан кейін үш күн бойы медициналық бақылауда болады. Нәтижесінде, 415 адамда екпеден кейінгі реакциялар тіркелді, оның ішінде 267 жағдай жалпы жағдай деп есептеледі, ол дене қызуының көтерілуімен сипатталады. Әрине, егуден кейін мұндай жағдай орын алса, ол арнайы ем-дом қолдануды қажет етпейді. Бұл вакцинациядан кейінгі күтілген реакция болып табылады», - деді А.Қуатбаева.

Айта кетейік, Қазақстанда вакцинациялау үшін ресейлік «Спутник V» вакцинасымен жүргізілуде. Бүгінде Ресейден әкелінген 22 мың доза вакцина пайдаланылды. Сонымен қатар, Қарағанды фармацевтикалық компанияларында өндірілген вакциналар қолданылады. Спикердің мәліметінше, наурыз айында 9 мың доза, ай соңында 150 мың доза, ал сәуір айында тағы 600 мың доза келіп түседі деп күтілуде. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады. Сондай-ақ маман халықты вакцинацияға пікірін өзгерте отырып, оның қажет екендігін дұрыс түсінуге шақырды.