Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында жыл басында жалпы пайдаланымдағы телекоммуникация желілері жоқ ауылдардың тізімі орналастырылды. Бұл тізімде еліміздің 11 өңірінде 51 ауыл бар. Онда, тиісінше, онлайн-кассалық машиналарды пайдалану мүмкін емес. Бүгінгі күні бұл ауылдарда жалпы пайдаланымдағы телекоммуникация желілері өткізілді ме? Егер жоқ болса, онда бұл ауылдар Министрлік жыл соңына дейін интернет өткізуге уәде берген елді мекендер тізіміне кіре ме? Орталық коммуникациялар қызметінде журналистің сұрағына ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко жауап берді.

«Сіздің сұрағыңызға нақты жауап беру үшін мен тізімнің өзімен танысуым керек. Мен мұны міндетті түрде жасаймын. Бірақ, өз сөзімде айтқанымдай, 250-ден астам адам тұратын барлық елді мекендер жыл соңына дейін кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіледі. Егер бұл тізім аталған тізіммен сәйкес келсе, онда иә! Онда бақылау-касса машинасын пайдалануға болады», - деп сендірді Ярошенко.

Ал келесі спикердің айтуынша, «Қазақтелеком бақылау-кассалық машиналар үшін үлкен оператор болып табылады және қазір біз бақылау-кассалық машиналарды сымсыз қолжетімділікпен қамтамасыз ету мүмкіндігі жоқ жерлерде жұмыс істеп жатырмыз. Сонымен қатар, қазір смартфонға бірден орнатылған веб-кассалар таратылды. Ұялы байланыс келеді, смартфонға бірден бақылау-кассалық машиналарды қосуға болады», - деді «Қазақтелеком» АҚ Басқарма Төрағасы Қуанышбек Есекеев.