Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Бас хатшысы Владимир Норов Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ-ның дамуы мен нығаюына жеке үлес қосып, зор ықпал етті деп есептейді.

«Қазақстан ШЫҰ-ның бүгінгі күні әлем халқының жартысын біріктіретін және Еуразия құрлығының 60% аумағын қамтитын қуатты трансконтиненталдық халықаралық ұйымға айналуына ықпал еткен іргелі негіз қалаушы қағидаттарды қалыптастырған ШЫҰ құрылтайшыларының бірі болып табылады», - деді В.Норов «Нұрсұлтан Назарбаев – жауапты көшбасшылық: сабақтастық және эволюция» атты халықаралық конференция аясында.

Сарапшының айтуынша, ШЫҰ алаңындағы бастамалар халықаралық терроризмге, экстремизмге және есірткі таратуға қарсы іс-қимыл, мүше елдердің сауда-экономикалық және көліктік-логистикалық әлеуетін ашу, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту бойынша бірлескен күш-жігерді нығайтуға бағытталған нақты ұсыныстармен ерекшеленді.

«Қазақстанның Тұңғыш Президентіне Шанхай ынтымақтастық ұйымының қалыптасуына қосқан зор үлесі және жемісті көпжақты ынтымақтастықты дамытуға белсенді жәрдемдескені үшін шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді», - деп түйіндеді Владимир Норов.

Бүгін, 2020 жылғы 2 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында "Нұрсұлтан Назарбаев. Жауапты көшбасшылық: сабақтастық және эволюция".

Ұйымдастырушылар: Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі.