Дивидендтер аз ба, әлде қызметі ұнамады ма? Таңдаған басқарушы компания қызметінің нәтижелеріне қанағаттанбаған жағдайда салымшы өз жинақтарын басқа компанияға беруге немесе қайтадан Ұлттық банктің басқаруына қайтаруға құқылы. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Бағалы қағаздар нарығы департаменті директорының орынбасары Гүлчехра Талкамбаева осылай деді.

«Салымшылар зейнетақы жинақтарын бір басқарушы компаниядан екіншісіне жылына бір рет қана сенімгерлік басқаруға бере алады, Ұлттық банктің басқаруына қайтару екі жылдан кейін мүмкін болады. Мұндай мерзімдер менеджерлер үшін инвестициялық көкжиекті жоспарлау қажеттілігімен, сондай-ақ кірістіліктің қысқа мерзімді ауытқуы кезінде салымшылардың мүдделерін қорғаумен байланысты. Жеке басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға берілетін зейнетақы жинақтары жүйеде сақталады және зейнетақы жасына жеткен кезде кесте бойынша зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру, зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін, сондай-ақ заңнамада көзделген өзге де мақсаттар, оның ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе емдеу үшін пайдаланылады. Салымшылардың жеке зейнетақы шоттары бойынша зейнетақы жинақтарының дербестендірілген есебі БЖЗҚ-да сақталатын болады. Бұл әрбір салымшының активтерінің сақталуына кепілдік береді», - деп сендірді қаржы агенттігінің өкілі.

Зейнетақы активтерін жеке басқаруға беру қазақстандық эмитенттердің бағалы қағаздарына институционалдық сұранысты ынталандырады және жалпы экономикаға оң әсер етеді, сондай-ақ қосымша инвестициялық табысты және салымшылардың тәуекелдерін әртараптандыруды қамтамасыз етеді деп күтілуде.