ЕАЭО-ның практикада тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың және еңбек мигранттарының еркін қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін құқықтық ресімдеу аяқталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Күшікова хабарлады.

Ол Одақ жұмысының нәтижелеріне тоқталды. ЕАЭО қызмет еткен кезең ішінде Қазақстанның әріптестермен өзара саудасы 33%-ға өсті. Қазақстандық экспорттың нақты көлемінің 4% - ға өсуі байқалады. Қазақстандық экспорт құрылымында өңделген өнімнің үлесі артып келеді, бүгінде ол 58%-ды құрайды. Қазақстанның экспорттық қоржынының ассортименті 2 еседен астам ұлғайды.

«ЕАЭО елдері инвестицияларының үлесі тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемінің 6%-на дейін өсті. Мүше мемлекеттердің қатысуымен кәсіпорындар саны да 2 есеге артты. Қазақстанның ЕАЭО-ға қатысуының неғұрлым маңызды артықшылықтарына мыналарды жатқызуға болады: біріншіден, 184 миллион адамды құрайтын ауқымды тұтыну нарығы. Бұл бізге тауарлар мен қызметтер экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде еңбек қызметін жүзеге асыру кезінде білім құжаттары өзара мойындалады, елге келген күннен бастап 30 тәулік бойы тіркеусіз жүру мерзімі белгіленген, сондай-ақ жалпы жұмысқа орналастыру бойынша шектеулер жоқ. Айта кетейік, 53 сектор бойынша бірыңғай қызмет көрсету нарығының жұмысы бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді», - деп атап өтті спикер.

Айта кетейік, рұқсат беру құжаттары мен қызмет көрсетушілерге қойылатын біліктілік талаптары өзара қабылданады. Ал тауарларды елдер арасында өткізу кезінде тауарларды кедендік декларациялаудан босату, сәйкестік сертификаттарын, ветеринариялық және санитариялық құжаттар өзара мойындалады.

«Бесіншіден, ЕАЭО үшінші елдермен өткізу нарықтарын кеңейтуге мүмкіндік береді. ЕАЭО-мен біз анағұрлым тартымды бола бастадық. Вьетнам, Сербия, Иран, Сингапур елдерімен еркін сауда туралы келісімдер жасалды. Бұл біздің өнімдерімізге бажсыз немесе кедендік баждардың төмендетілген мөлшерлемелері бойынша қолжеткізу үшін нарықтарды ашады»,-деді вице-министр. Ол өзара сауда проблемаларын жедел және объективті шешу үшін Еуразиялық экономикалық комиссия құрылғанын ерекше атап өтті.