Зейнеткерлер бағдарламаға қатыса алмайды. «Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасында «зейнеткер» санаты жоқ және олар өтінім бере алмайды. Мұндай ережелерді кім ойлап тапты және неге? Оларды өзгертуге бола ма? Қашан? Журналистер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осындай сұрақтар қойды.
Кезекте тұрғандарға кредит беру қағидаларына енгізілген өзгерістер күшіне енді. Тұрғын үй кезегінде тұрған 65 жастан асқан зейнеткерлер тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне ипотека ресімдеуге өтініш бере алады. Бұл туралы Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев хабарлады.
«Егер зейнеткер 65 жастан асса, ол екі жас қарыз алушыны тарту арқылы несие ала алады, бұл отбасының жұмыс істейтін мүшелері. Бірақ бұл жерде бағдарламаға қатысу критерийі 3,1 АЕК-тен аспауы тиіс екенін ескеруіміз қажет. Егер анасы зейнеткер болса, оның жасы 65-тен асса және бірге тұратын ұлы немесе қызы болса және олар төлем қабілеттілігін растай алса, онда олардың жалпы жиынтық табысы үшке бөлінген кезде 101 270 теңгеден аспауы керек. Осы жағдайда кезекте тұрған зейнеткерлер мұқтаж ретінде «5-10-20» бағдарламасы бойынша несие ала алады», - деп түсіндірді банк басшысы.