Аймақтағы жағдай БАҚ хабарлағандай күрделі емес. Іс жүзінде жағдай толық бақылауда. Бір айдан бері қатаң шектеу шаралары енгізілген. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов осылай деді.

Оның айтуынша, шекара бекеттерінде карантиндік стационарлар орналастырылды. ПЦР тест болмаса, елге кіруге тыйым салынған. Пойыздардың саны қысқарып, өңірдегі автобус маршруттары тоқтатылды. Петропавлда карантин енгізілді. Демалыс күндері «локдаун» режимі орнаған.

«Бұл шаралардың барлығы жағдайды тұрақтандыру үшін қабылдануда. Ауруханаға жатқызу саны күн сайын азаюда. Барлық науқастардың 94% емделді. Денсаулық сақтау саласына түсетін жүктеме көп емес. Ауруханаларда қолданылып жатқан төсек-орындар саны 36% аспайды. Ауыр науқастардың немесе аппараттарға қосылуды қажет ететін науқастардың саны да көбеймеді. Жоспарлы ауруханаға жатқызу тоқтаған жоқ. Сондықтан қазіргі эпидемиологиялық жағдайға сүйене отырып,желтоқсан айының ортасына дейін біз демалыс күндері облыс орталығындағы карантинді алып тастауды жоспарлап отырмыз», - деді Қ.Ақсақалов.

Дегенмен, облыс күрделі жағдайға тыңғылықты дайындалуда. Облыста жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы ашылды. Өкпені жасанды желдету аппараттары мен қажетті медициналық жабдықтар сатып алынды. Жедел жәрдем қызметін көлікпен қамтамасыз ету 76%-тен 100% жеткізілді. Емдеу және дәріхана желілері жеткілікті мөлшерде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Халық арасында дүрлігу жоқ.