Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің барлық мектептері жылы дәретханалармен жабдықталғанын, бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілгенін, кезең-кезеңмен турникеттер орнатылып жатқанын хабарлады.
«Далада дәретханалары бар 287 мектеп ішінен дәретханалар салынды. Мен өзім жүздеген мектепті тексеріп шықтым, бәрінде бар, барлық жағдайлар сақталған. Сондықтан Президенттің тапсырмасы орындалды. Камералар да бар. Бейнекамералар да барлық мектептерде 100% орнатылған", - деп сендірді аймақ басшысы.
Айта кетейік, жыл басынан бері үш ауыл мектебі пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 5 білім беру мекемесінің құрылысы аяқталады.
Оқушылардың шамамен 40% немесе 95 мыңы санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, дәстүрлі форматта оқиды. Қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін жергілікті бюджет қаражатына 4,4 мың компьютерлік техника сатып алынды. Республикалық бюджеттен 26,5 мың компьютер сатып алуға 4,1 млрд.теңге бөлінді.