Қазіргі кезде елімізде «Рухани Жаңғыру» деген үлкен бағдарлама жүзеге асып келеді. Әліппенің құрылымы мен мазмұнын қайта қарауымыз осындай игі шараның бірі. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен сараптамалық брифингте А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова қазақстандықтарды жаңа бастаманы қолдауға шақырды.

Спикердің пікірінше бұрынғы 42 әріптен тұратын әліппенің орнына Ахмет Байтұрсынұлы жазған әліппенің тиімді тұстары көп. Қазақтың төл дыбыстарын түгел таңбалай алатын және шеттілдік сөздерге ыңғайлы 32 әріптен құралған оқулық болмақ.

«Тілге үйрететін алғашқы оқулығымыз «Әліппені» түзетіп алуымыз өте маңызды және қажет. А.Байтұрсынұлының әліпбиі төте жазуда жазылды. Төте жазу дегеніміз реформаланған араб графикасының ұлттық әліпбиі болу үшін жасалған жазу жүйесі. Ал Ахмет Байтұрсынұлы сол кездегі араб графикасындағы артық, қазақ үшін қажеті жоқ, қазақ тілін күрделендіретін және қазақ жазуын қолайсыз ететін таңбаларды алып тастап тек ұлттық негізге, жалпыхалықтық тілге сүйене отырып әліпби жасады. Сол әліпби негізінде әліппе жазды. Әліппенің арқасында қысқа мерізімде адамдар сауатты болды», - деді А.Фазылжанова.

Ал «Әліппе» ұлттық құндылықтарды икемдеп заманға сай жасалған жаңашылдықты көздеген оқулық болады дейді мамандар.