Қазақстанда жастарды қолдау жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарға сәйкес, жастарды қолдау шараларын жетілдіру қарастырылған. Атап айтқанда, жастардың баспана мәселесінің шешілуіне мониторинг жасау, оларды жұмыспен қамтуға ықпал ету, жас ғалымдар мен стартап-жобаларды қолдау, «Қолжетімді спорт» жобасын жүзеге асыру арқылы олардың белсенділігін арттыруға бағытталған кешенді іс-шаралар жоспарланған. Кешенді жоспар 10 бағыттан 55 тармақтан тұрады. Бұл туралы алқа отырыс барысында Жастар және отбасы саясаты саласында атқарылған жұмыстар туралы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асхат Оралов мәлімдеді. Оның айтуынша, сондай-ақ Мемлекеттік жастар саясаты жүйесінің әдіснамалық базасын қамтамасыз ету және оны жастардың өзекті сұраныстары мен мүддесіне әрі қарай бейімдеу мақсатында «Қазақстан жастары – 2020» Ұлттық баяндамасы әзірленді.

«Отбасы саясаты саласында жұмысты жетілдіру үшін ҚР 2030 жылға дейінгі отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының екінші кезеңі бекітіліп, іске асырылуда. Жыл сайынғы «Қазақстандық отбасылар» Ұлттық баяндамасы әзірленді, онда covid-19 пандемиясының отбасыларға әсерін ескере отырып, қазақстандық отбасылардың әл-ауқатына талдау жүргізілді. Талдау қорытындысы бойынша салада шешуді талап ететін мәселелер анықталды, мүдделі мемлекеттік органдарға ұсынымдар берілді. Сарапшылардың ұсынымдары негізінде жоспарларға өзгерістер енгізілетін болады.

2020 жылы үкіметтік емес ұйымдарды қолдау мақсатында, әлеуметтік маңызы бар жобаларды, оның ішінде онлайн форматта іске асыруды жалғастырдық. Нәтижесінде, 16 үкіметтік емес ұйымдарды тарта отырып, жастар және отбасы саясаты саласында 22 әлеуметтік жоба іске асырылды, 300 мыңнаң астам адамның қатысуымен 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Іске асырылған жобалар бойынша БАҚ пен әлеуметтік желілерде ақпараттық қамту шамамен 11 млн. адамды құрады. Осыған ұқсас жобалар өңірлік деңгейде де іске асырылды», - деді Оралов.

Сонымен қатар, жобаларды қашықтан іске асыру форматы мен жаңа технологиялар 209 өңірлік жастар ресурстық орталықтарының ұйымдастырушылық-әдістемелік базасын күшейту бойынша жұмыс жүргізуге мүмкіндік берді.

«Жыл көлемінде жаңа жобалар іске асырылды, олардың шеңберінде еліміздің барлық өңірінен 600 мыңнан астам жаңа буын өкілі жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен бастамалардың әртүрлі бағыттары бойынша қажетті консультацияларды алды. Бұл бағыттағы жұмыс 2021 жылы да өз жалғасын табады. Пандемияға байланысты шектеулерге қарамастан, ТМД елдерінің стратегиялық серіктестерімізбен жастар саясаты саласындағы халықаралық ынтымақтастық өз жалғасын тапты. Сондай-ақ, әлемдік тәжірибеге сәйкес елімізде «Жастарды дамыту индексін» әзірлеу және оны Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына енгізу мәселесін пысықтау жоспарланған», - деді вице-министр.

ҚР АҚДМ Жастар мен отбасы саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру бойынша Мемлекет басшысы қойған міндеттерге сәйкес, «Тәуелсіздік ұрпақтары» Ұлттық жобасын, жастар және отбасы жағдайын анықтайтын жыл сайынғы «Қазақстан жастары 2021» және «Қазақстан Республикасындағы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» Ұлттық баяндамаларын әзірлеуді, сондай-ақ, NEET санатындағы жастармен жұмыс жөніндегі Республикалық жобалық кеңсесін құру және жұмысын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.