Бұл туралы Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. Оның айтуынша, өңірдегі КВИ бойынша жағдай тұрақты. Кадр тапшылығы үштен бірге қысқарды. 93 жас маман жұмысқа тартылды. Олардың 35-і аудандарға жіберілді. Барлық медицина қызметкерлеріне пандемия кезеңінде алдыңғы қатарда атқарған жұмысы үшін үстемақы төленді. Сомасы 2 млрд теңгеден асты.

«Денсаулық сақтау саласында материалдық-техникалық базаны нығайту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Биыл 7 нысанның құрылысы аяқталды. Инфекциялық төсек-орындардың толымдылығы 8,1%-ды құрайды, 46 науқас емделуде, оның 2-уі реанимацияда. COVID-19 екінші толқынына дайындық аясында облыс бойынша 2080 төсек-орынға арналған 12 стационар, оның ішінде 120 реанимациялық стационар дайындалды. Атырау қаласында 200 төсек-орындық модульді жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін Жылыой ауданының Құлсары қаласында 200 төсек-орындық модульдік стационар құрылысын аяқтау жоспарланған», - деді өңір басшысы.

Техникалық қамтамасыз етуге тоқталсақ, облыста 4 МРТ аппараты, 12 компьютерлік томография аппараты, 27 рентген аппараты, 668 оттегі концентраторы, 256 ӨЖЖ аппараты жыл соңына дейін тағы 51 бірлікпен толықтырылады. Жедел медициналық көмекпен 100% қамтамасыз етілген. 5 мобильді диагностикалық медициналық кешен шалғай аудандарды қамтиды. Сарапшылардың есептеуінше, әрбір екінші адам ПТР-тестілеуден өткен.