Қазақстанда соңғы 10 жылда шығармашылық индустрияға құйылған инвестиция көлемі төрт еседен астам өсті. Бұл салада еліміздің жалпы жұмыспен қамтылған халқының 3,5 пайызы, яғни 310 мың қазақстандық жұмыс істейді. Бүгінде креативті салалардың Қазақстан экономикасына қосқан үлесі 2,7 пайызды құрайды. Осы саланың әлеуетін прогрессивті әлемдік тәжірибе негізінде дамыту мақсатында Үкімет сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп 2021-2025 жылдарға арналған Шығармашылық индустрияны дамыту тұжырымдамасын әзірлеуде. Әлемдік тәжірибеге сәйкес креативті экономиканы дамыту үшін креативті кәсіпорындардың, университеттердің және қаланың синергиясы қамтамасыз етілген. Даму стратегиясы 10 бағытқа негізделген: кино және анимация, әдебиет, сән, жаңа медиа және цифрлық мәдениеттер, театр, опера және балет, киберспорт және ойындарды дамыту, сәулет және дизайн, музыка, заманауи өнер және ойын-сауық индустриясы. Бүгінгі таңда Қазақстанда Алматы қаласы – «музыка» шығармашылық бағыты бойынша ЮНЕСКО-ның шығармашылық қалалар желісіне қосылған Орталық Азиядағы жалғыз қала. Біз аймақтарда басқа да креативті қалалар құра аламыз. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстел барысында өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақ ұлттық хореография академиясының бірінші проректоры Бибігүл Нүсіпжанова осындай сенім білдірді.