Ұлытау облысының бюджеті 144 млрд теңгені құрайды. Салық базасын кеңейту және республикалық бюджеттен трансферттерді тарту арқылы көрсеткіштер бастапқы бекітілген бюджетпен салыстырғанда 28%-ға өсті. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берген Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы осындай мәлімет келтірді.
«Бұл ретте ол жыл басынан бері өңірдің өз кірістері 36 млрд теңгеден 46,5 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Ұлытау өңірінің 2024 жылға арналған бюджет жобасы 146 млрд теңге көлемінде қалыптастырылды. Бұл осы жылға бастапқы бекітілген бюджеттен 1,3 есе артық», – деді өңір басшысы.
Аймақ басшысы Ұлытау облысына инвестициялар ағынын арттыру мақсатында бес жылдық Кешенді даму жоспары қабылданғанына тоқталды. Құжат қабылданғалы облыс экономикасына 244 млрд теңге инвестиция тартылған.
«Кешенді жоспардың орындалуы тұрақты бақылауда. 2027 жылға қарай экономикаға 1,4 трлн теңге тартылатын болады, оның ішінде 1,2 трлн теңге - жеке инвестициялар», – деді облыс басшысы.
Оның айтуынша, инвестицияны өңір экономикасын әртараптандыру үшін қолдану көзделген. Қуаттылығы жылына 2 млн дана кірпіш шығаратын кірпіш зауыты іске қосылды. Оған қоса, инвестиция көлемі 10 млрд теңгеден асатын 3 нысанды іске асыру жалғасуда.
Сондай-ақ, Берік Әбдіғалиұлы өңірде жер қойнауын пайдалануға байланысты дәстүрлі қызмет түрлерінен басқа салаларға да инвесторлар тарту арқылы жобалар қолға алынатынын айтты. Мысалы, қытай инвесторларының қатысуымен 70 млрд доллар болатын жел электр станциясын және 1 млрд доллар болатын мачта құрастыру зауытын салу жоспарланған.