Биыл Қызылорда облысының даму бюджетінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артты. Яғни өсім 57 %-ды құрады. Өңірдегі мұнай қоры сарқылып жатқандықтан, мұнда өнеркәсіпті дамытуға басымдық берілді. Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен 10 айдағы жұмыстың нәтижелерімен бөлісті. 

«Ағымдағы жылдың 10 айында өңдеу өнеркәсібі –  24,%-ға, ауыл шаруашылығы – 2,6%-ға, құрылыс жұмыстарының көлемі – 21,2 %-ға, тұрғын үй – 16,7%-ға, сауда 4,3 %-ға, көлік және қоймалау көлемі – 8,8 %-ға, негізгі капиталға тартылған инвестиция – 27,7 %-ға артты, жеке инвестициялар – 34,6%-ға өсті»,-деді облыс басшысы Нұрлыбек Нәлібаев.

Алдағы 6 жылда бұл жұмыстар жалғасын табады. Мәселен, Қызылорда өңірінде құны 1,1 трлн теңгені құрайтын 65 жоба іске қосылмақ. Жоспарға сәйкес мұнда тоғыз мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Биылдың өзінде  құны 14 млрд теңгені құрайтын 15 жоба іске қосылды. Қабылданған шаралардың негізінде өнеркәсіп құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесі 30-%-ға ұлғайды. 

Былтыр іске қосылған шыны зауыты тұрақты өнім шығарып, оның 70 %-ын ішкі нарыққа, 30 %-ын Ресей,Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан  елдеріне экспорттап жатыр.Зауыттың негізгі қуаттылығы -197,1 мың тонна. Кәсіпорын іске қосылғаннан бері жобалық қуаттылықтың 85 %-ы игерілді. 167 мың тонна өнім шығарылды. 

«Шыны зауытының аясында шағын және орта кәсіпкерліктің белдеуін дамытуға мүмкіндік мол. Зауыт жанынан құны 130 млрд теңгеден асатын 8 түрлі шыны бұйымдарын шығаратын 8 ілеспе кәсіпорын құрылады. Жылына қосымша 5 млн шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндірісі іске қосылып, бөтелкелер және алғашқы айна зауытының құрылысы басталады. Бұл 3 жобаның жалпы құны – 32,3 млрд теңге. Құны 1 млрд теңгені құрайтын әк және құрғақ құрылыс қоспаларын шығару цехы іске қосылады», - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ 2024 жылы аймақта құны 27,1 млрд теңгені құрайтын 10 жоба жүзеге асырылады.