Былтыр Мемлекет басшысы экономиканы цифрландыруды жалғастыру және жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдануды қамтамасыз ету өте маңызды екенін айтты. Осыған байланысты, Ғылым және жоғары білім министрлігі Цифрлық даму министрлігі және Назарбаев Университетімен бірлесіп KazLLM үлкен тілдік моделін әзірледі. Ол – цифрлық ортада қазақ тілін қолдауға арналған осындай деңгейдегі алғашқы жасанды интеллект құралы. Министрлік пен ведомстволық бағынысты ұйымдар KazLLM үлкен тілдік моделін жасау үшін қазақ тілінде 1 млрд-тан астам сөз қолданысын берді. Бұл туралы ҚР ҒЖБМ Цифрландыру және мемлекеттік қызмет көрсету департаментінің директоры Нұрсұлтан Махатов ОКҚ брифингінде хабарлады.