Қазақстандық жастарды әскерге дейінгі даярлау мәселесі өзекті болып тұр. Себебі ол азаматтарды оқыту және патриоттық тәрбиелеу жүйесінде маңызды орын алады. Қолданыстағы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға сәйкес, азаматтарды әскери қызметке дайындау – бұл мемлекеттік органдар тарапынан әскерге дейінгі және шақырылуға жататын жастағы азаматтармен әскери қызмет негіздерін оқыту мақсатында өткізілетін міндетті іс-шаралар кешені болып табылады. Білім беру ұйымдарында әскери іс негіздерін оқытудың міндетті пәні – бастапқы әскери және технологиялық дайындық болып табылады. ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаев ОКҚ брифингінде осылай деді.