«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы 2023 жылы пилоттық режимде енгізіліп, 2024 жылы оның мазмұны толықтай жаңартылды. Қазіргі уақытта еліміздегі 20 мыңға жуық балабақша, 7 мыңнан астам мектеп және 700-ден астам колледж бағдарламаны іске асыруда. 14 наурызда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың ІV отырысында Мемлекет басшысы құрылтай мүшелері алдағы уақытта осы бағдарламаны «Адал азамат» деп атауды ұсынғанын және бұл ұсыныспен толық келісетінін мәлімдеді. Бағдарламаның түпкі мақсаты – қоғамның мызғымас тірегі, әділеттіліктің, адамгершіліктің, жауапкершілікпен еңбек сүйгіштіктің айқын бейнесі болатын адал азамат қалыптастыру. ҚР оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстел барысында осылай деді.