Биыл көктемде ауа райының әдеттен тыс жылы болуына байланысты вегетациялық кезең орташа жылдық мерзімдермен салыстырғанда 20 күнге ерте басталды. Бұл суару маусымының тағы бір ерекшелігі – вегетация алдындағы кезеңде топырақта ылғалдың аз болуы. Бұл фактор оңтүстік өңірлердегі су шаруашылығы жағдайына айтарлықтай әсер етті. Атап айтқанда, топырақтың үстіңгі қабатындағы ылғалдың аз болуына байланысты егістіктердің вегетацияның бастапқы кезеңіндегі суға қажеттілігі орта есеппен 50%-ға артты. Бұл суармалы су көздеріне қосымша жүктеме түсірді. Бұл жайлы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз хатшысы – ресми өкілі Алмас Мұсабеков ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.