Елімізде мүгедектікті белгілеу тәсілдерін түбегейлі трансформациялау жүзеге асырылып жатыр. Осы реформаның басты бағыты – медициналық-әлеуметтік сараптаманы сырттай және проактивті форматта енгізу. Оның мақсаты – азаматтардың мүгедектік мәртебесін алу рәсімін барынша жеңілдету: оны қолжетімді, ыңғайлы, жедел әрі ең бастысы – объективті және әділ ету. Енді сырттай проактивті куәландыру жүргізілетін аурудың тізбесі бойынша азаматтың медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдеріне бару талап етілмейді. Ол тек емханаға дәрігерге ғана жолығады. Бұл туралы ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов ОКҚ брифингінде хабарлады.