Қазақстанда 2023 жылдан бері барлық бастауыш сынып оқушылары, сондай-ақ мемлекеттік атаулы көмек алуға құқығы бар жекелеген санаттағы балалар тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Алайда, талдау оқушыларға берілетін тағамдарда көкөністер, жемістер мен сүт өнімдері жетіспейтінін, ал тұз, қант және майдың мөлшері артық екенін көрсетті. Мұндай теңгерімсіздік балалық шақта семіздік, қант диабеті және жүрек-қан тамырлары ауруларының болу қаупін арттырады. Осыған байланысты мемлекет мектепте дұрыс тамақтануды ұйымдастыруды басым бағыттардың бірі ретінде белгілейді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрқан Сәдуақасов мәлімдеді.