«Салық берешегі 20 АЕК-ке жетпесе, сізге берешек туралы ескерту жіберіледі. 20-дан 40 АЕК-ке дейін – хабарлама жібереміз. Егер берешек өтелмесе, салықтық берешек сомасына тең шығыс операцияларын тоқтату шаралары қабылданады. 45 АЕК-тен жоғары берешек болса, мүлікті түгендеу және оны сату рәсімдері қолданылады», – деп түсіндірді спикер.
Әлеуметтік төлемдер бойынша да шара қолдану шегі 1 теңгеден 6 АЕК-ке (шамамен 24 мың теңге) дейін көтерілді. Енді шаралар тек зейнетақы жарналары бойынша берешек болғанда ғана қолданылатын болады. Бұл өзгеріс негізінен арнайы салық режимімен жұмыс істейтін шағын бизнеске, сондай-ақ үй маңындағы дүкендерге қатысты. Вице-министрдің айтуынша, олардың қызметіне араласу болмайды: оларға тек хабарлама жіберіледі.
Сонымен қатар Қаржы министрлігі қарызды өтеуді кейінге қалдыру және бөліп төлеу тәртібін өзгертті. Жаңа Кодексте 1500 АЕК-ке дейінгі салықтық берешегі бар салық төлеушілерге жылжымайтын мүлік кепілі мен банктік кепілсіз 1 жылға дейін кейінге қалдыру/бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылған.
«Өнім шығаратын кәсіпкерлерге импортқа төленетін ҚҚС-ты 1 жылға дейін кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі. Енді олар алдымен өнім, шикізат немесе қайта өңдеуге арналған тауарды жеткізіп, ал ҚҚС-ты кейін төлей алады. Қолданыстағы ережелер бойынша ҚҚС тауар келген кезде және кедендік рәсімдеу барысында бірден төленуге тиіс», – деп түсіндірді спикер.
Ержан Біржанов мемлекеттік сатып алуларға қатысушылар үшін қосылған құн салығын таңбалау арқылы цифрлық теңгені енгізу жөніндегі пилоттық жоба туралы да айтты.
«Біз басқа салаларда қолданылатын жаңа технологияларды кеңінен пайдаланамыз. Бұл жобаны Ұлттық банк жүзеге асырып жатыр және біз оны пилоттық режимде іске қоса бастадық», – деді вице-министр.
Жаңа жылдан бастап салықтық тексерулер алынып тасталатыны белгілі. Бұған дейін Қаржы министрлігі жылына екі рет тексерілетін салық төлеушілер тізімін жариялайтын. Енді мұндай тізімдер болмайды, демек жоспарлы тексерулер де жүргізілмейді. Олар тек жоспардан жүзеге асырылады.