Оның айтуынша, аталған келісімдерді іске асыру мақсатында бірлескен комиссиялар мен жұмыс топтары қызмет етеді, олардың аясында су ресурстарын бөлу, су пайдалану режимдерін келісу және гидрологиялық ақпарат алмасу мәселелері қарастырылады.
«Министрліктің қызметіндегі басым бағыттардың бірі – трансшекаралық су ресурстарын қорғау және пайдалану саласында халықаралық ынтымақтастықты дамыту. Қазақстан Республикасы трансшекаралық су ағындары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы Конвенцияның (Хельсинки конвенциясы), сондай-ақ халықаралық су ағындарын кеме қатынасына жатпайтын мақсаттарда пайдалану құқығы туралы Конвенцияның белсенді қатысушысы болып табылады. Осы халықаралық шарттарға қатысу Қазақстанның су ресурстарын орнықты және ұтымды пайдалану, су экожүйелерін қорғау қағидаттарына, сондай-ақ көршілес мемлекеттермен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға берік ұстанымын көрсетеді», – деді спикер.
Қазақстан Хельсинки конвенциясының ережелерін іске асыру аясында БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясымен белсенді түрде өзара іс-қимыл жасайды және Конвенция Бюросының құрамында ұсынылған. Бұл Қазақстанның трансшекаралық су ынтымақтастығы саласында халықаралық күн тәртібін қалыптастыру мен шешімдер қабылдаудағы жетекші рөлін айқын көрсетеді. Орталық Азия өңірінде Қазақстан Республикасы Хельсинки конвенциясының нормаларын практикалық тұрғыда іске асыру мен ілгерілетудің негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретінде танылып, су ресурстарын басқаруда жүйелі әрі дәйекті тәсілді көрсетіп келеді.