«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы балалардың негізгі құқықтарын қамтитын төрт бағыттан тұрады. Олар: балалардың қауіпсіздігі, білім, денсаулық, отбасыға және әлеуметтік қорғаудағы құқықтары. Тиімділікті бағалау үшін 10 индикатор қарастырылған, ал тұжырымдаманы нақты іске асыру 158 іс-шара арқылы қамтамасыз етіледі. Бес жылдық кезеңге арналған іс-шараларды қаржыландырудың жалпы көлемі 1,3 трлн теңгені құрайды. ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарованың ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында атап өткендей, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – балалардың қауіпсіздігі.