«Бәйтерек девелопмент» АҚ Орталық коммуникациялар қызметінің жаңартылған баспасөз орталығында ЭКСПО-2017 аумағында орналасқан тұрғын үйлерді өткізу үстіміздегі жылдың 15 ақпанынан бастап қайта жалғасатынын хабарлады. Тұрғын үйлерді өткізудің тиімді жаңа механизмінің енгізілуіне байланысты 2018 жылғы 16 қаңтардан бастап жылжымайтын мүлікті сатып алуға өтінім қабылдаудың уақытша тоқтатылғаны туралы хабарланған еді. Тұрғын үйлерді өткізу қайта жалғастырылған күннен бастап сатудың жаңа механизмі қолданылатын болады, ол тұрғын үйді халыққа жылдық 3%-бен 12 жылға бөліп төлеу арқылы өткізуді көздейді. Жаңа механизм бойынша тұрғын үйді сатып алу үшін сатып алушы келесі негізгі шарттарды орындауы қажет:

  • төлем қабілеттілігін растау;
  • тұрғын үй құнының 20%-нан кем болмайтын мөлшерде бастапқы жарна салу;
  • сатып алынатын мүлікке «Бәйтерек девелопмент» АҚ-мен кепіл шартын жасасу;
  • 3 айлық төлем мөлшерінде кепілдік жарнасын салу;
  • сатып алынған тұрғын үйді бөліп төлеу кезеңіне сақтандыру.

Төлемді бөліп төлеу механизмі бойынша тек 1 пәтер және 2-ден аспайтын көлік тұрағының орындарын сатып алуға болады. Сатып алу-сату шарты бойынша төлемді бөліп төлеу мерзімі өтініш берушінің 70 жасқа толуымен шектеледі.

Бүгінгі күні «Бәйтерек девелопмент» АҚ жаңа механизмінің негізгі шарттарын пысықтауды аяқтады, қажетті ішкі құжаттар бекітілді, өтініш беру процесін автоматтандыру және өтініш берушінің төлем қабілеттілігін тексеру іс-шаралары аяқталу кезеңінде тұр.

Өтініш беру бұрынғыша Digital Baiterek порталы арқылы жүзеге асырылады. Өтініш берушінің жаңа механизмді таңдауы үшін «төлем тәсілі» бағанында «бөліп төлеу арқылы өткізуді» көрсетуі және қаржылай мүмкіндігіне қарай бастапқы жарнасының мөлшерін өзі белгілеуі қажет. Өтініш берушінің төлем қабілеттілігін есептеу «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ электрондық платформасы арқылы жүзеге асырылады.

Өткізудің жаңа әдісінің енгізілуіне қарамастан, тұрғын үйді бұрын қолданылған механизмдер бойынша: жеке қаражаты есебінен немесе ЕДБ қарыз қаражатын алу жолымен (ипотекалық кредиттеу) сатып алуға болады. Сатуға ұсынылатын тұрғын үйлерден 193 пәтер «7-20-25» бағдарламасының шарттарына сай келеді.

Тұрғын үй кешеніндегі тұрғын үйдің шаршы метрін өткізу құны сатып алудың таңдалған әдісіне байланысты өзгермейді және 399 900 теңгені, машина орны – 735 000 теңгені құрайды. Бір бөлмелі пәтерлердің алаңы 39,6-дан 51 шаршы метрге дейін, екі бөлмелілер – 57,1-ден 80,6-ға дейін, үш бөлмелілер – 81,1-ден 106-ға дейін, төрт бөлмелілер - 105-тен 123,4 шаршы метрге дейін болады. Тұрғын үйлер жайлылықтың ІІ сыныбына сай келеді және таза әрленген түрінде өткізіледі.

«ЭКСПО-2017» көрмесінің қатысушылары мен қонақтарының тұруы үшін бұрын салынған бір, екі, үш және төрт бөлмелі пәтерлерді компания 2018 жылғы 1 маусымнан бастап сатуда. Бүгінгі күні 148 пәтер және 103 машина орны сатылды. Жылжымайтын мүлік сатып алуға Digital Baiterek онлайн платформасы арқылы барлығы 1547 өтінім келіп түсті.

Анықтама: 2014 жылдан 2016 жылға дейін «Бәйтерек девелопмент» АҚ «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің аумағындағы тұрғын үйлердің құрылысын қаржыландырды. Алаңы 110,7 мың ш.м. болатын 42 үйден тұратын тұрғын үй орамы «Люкс Недвижимость Group» және «BIGroupCorporation» компанияларымен серіктесіп салынды. Жылжымайтын мүліктерді өткізу арқылы Ұлттық қордан тұрғын үй кешенінің құрылысына жұмсалған қаражаттарды қайтару қамтамасыз етілетін болады.

«Бәйтерек девелопмент» АҚ — «Бәйтерек» Холдингінің еншілес ұйымы – «Нұрлы жер» Тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде жергілікті атқарушы органдардың облигацияларының өтеуін төлеп алу жөніндегі бірыңғай қаржы операторы. Компания Қазақстан бойынша кредиттік және жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысын қаржыландырады.

Байланыс ақпараты: Оразалиев Баглан Нурланович – 8 (7172) 537-767; Капралов Дмитрий Александрович – 8 (7172) 769-553; Батырбеков Рустем Беймухамбетович – 8 (7172) 578-163, ұялы тел. 8 775 121 49 46, Е-mail: r.batyrbekov@bdevelopment.kz.