Қазіргі уақытта интернет облыстың 315 ауылының 217-сінде – қолжетімді. Биылғы жылы 67 ауылдық елді мекенге интернет тарту жоспарлануда.

«Біз халықтың, ең алдымен жастардың ауылдан қалаға көшуін тоқтату үшін сапалы интернетпен қамтамасыз етуіміз керек.  Ауылдағы білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту салаларының бірқатар мәселелерін шешу интернетпен тікелей байланысты. Біз осы бағытты дамытуға назар аударуымыз керек», - деді Ералы Тоғжанов. 

Жиын барысында өңірді интернетпен қамту және байланысты реттеуге қатысты ағымдағы жағдай туралы Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаев баяндады, байланыс операторлары жүргізіліп жатқан жұмыстары туралы хабардар етті.

Қуанышбек Есекеев алдағы екі ай ішінде облыс орталығында 5G желісін орнату жұмыстары жүргізілетінін хабарлады.

«Қазір компания бүкіл республика бойынша, оның ішінде Ақтөбеде талшықты-оптикалық желінің құрылысын белсенді жүргізуде. Мұнда да «Батыс-2» шағын ауданы және Есет батыр атындағы тұрғын үй алабы –  қарқынды дамып келе жатқан шағын аудандардың бірі.  Онда «Қазақтелеком» қазір де өзінің инфрақұрылымы мен желілерін дамытуда. Оптикалық желінің жаңа құрылысынан басқа, біз өз тұтынушыларымызды ескірген мыс технологияларынан оптикалық технологияларға ауыстырамыз.  Оптикалық технологияларға көшіру бізге болашақта тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы.

Ералы Тоғжанов барлық байланыс операторлары өз тарапынан ел Президентінің интернет пен байланыстың сапасы мен қолжетімділігін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындауға күш салатынына сенім білдірді.

Соңғы үш жылда облыстың 8 ауданында 1,3 млрд теңгеге талшықты-оптикалық желілер салу бойынша 67 жоба іске асырылды.

Сонымен қатар операторлар тарапынан шешуді талап ететін бірқатар мәселелер, соның ішінде 3G стандартының базалық станцияларын ауылдарда орнату мәселесі өзекті болып отыр, нәтижесінде байланыс сапасы халықтың қажеттіліктері мен үміттерін қанағаттандырмайды.

4G стандартының базалық станцияларын орнату ауылдардағы байланыс сапасын едәуір жақсартады. Өңірде 26 ауыл бар, оларға интернет радио қолжетімділік арқылы беріледі, бұл тұрақсыз қосылуға әкеледі. Бұл ретте осы елді мекендерден бір шақырым шегінде талшықты-оптикалық байланыс желілері өтеді. Бұл жоғары жылдамдықтағы интернетке тұрақты қосылуды қамтамасыз етеді.

Бұдан өзге, операторлардың облыс орталығында да, облыс аудандарында да базалық станцияларды орнату жөніндегі міндеттемелерді, сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтеретін 20 мектепке талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу жөніндегі жұмыстарды орындауын жеделдету қажет.

Жиын қорытындысы бойынша Ералы Тоғжанов 2023 жылдың соңына дейін Ақтөбе қаласын сапалы мобильді интернетпен қамтамасыз ету мәселесін 100% шешуді тапсырды.

Сондай-ақ Ақтөбе облысында байланыс пен интернетті дамыту бойынша өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылды. Құжат өңірдегі телеком-оператор желісін одан әрі дамытуды, базалық станциялар санының кезең-кезеңімен ұлғайта отырып, Ақтөбеде 5G желісін іске қосуды, сондай-ақ қала тұрғындарын ADSL-ден GPON-ға одан әрі ауыстыруды көздейді.

Облыс әкімі мен «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы «Батыс-2» шағын ауданына барды, онда тұрғындар бір кабель арқылы жоғары жылдамдықты интернет, цифрлық теледидар және IP-телефония алуға мүмкіндік беретін GPON технологиясы бойынша телеком-қызметтерге қосылған.

Бүгінгі таңда Ақтөбеде 40 мыңнан астам қала тұрғыны ТОБЖ арқылы телекоммуникациялық қызметтерді пайдаланады.