Мемлекет басшысын Премьер-министр Шахбаз Шариф күтіп алды.

Қазақстан Президенті мен Пәкістан Премьер-министрі суретке түскен соң екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалды. Содан кейін Құрмет қарауылының бастығы рапорт берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.

Қарсы алу рәсімінен кейін Қазақстан Президенті Пәкістан Премьер-министрінің резиденциясы аумағында ағаш отырғызды.

Бұдан соң екі ел басшылары келіссөз залына барды.

Тараптар соңғы жылдары Қазақстан мен Пәкістан арасында көпжоспарлы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты нығайтудың перспективті бағыттарын талқылады.

Кездесу барысында сауда, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, ғарыш және қаржы салаларындағы қарым-қатынасты тереңдету мәселесіне баса назар аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.