«Осыған байланысты, Қазақстан тарапы Балқаш көлін Іле өзенінің негізгі су тұтынушыларының бірі ретінде танытуда. Келіссөздер барысында біз Балқаш өзен ағысының көлеміне тәуелді екенін айтуды ұмытпаймыз», - деді Серік Қожаниязов. 


Спикердің ақпаратына сәйкес, ғалымдар көп жылғы бақылаулар мен зерттеулерге сүйене отырып, Балқаш көлінің толыққанды су объектісі ретінде өмір сүруінің оңтайлы деңгейі Балтық жүйесі бойынша 341 М белгісі болып табылады деп пайымдайды. 


«Айта кетейік, соңғы он жылда көл деңгейі Балтық жүйесі бойынша 340 м белгісінен төмен түспегенін атап өткен жөн. Жыл сайын Балқашқа 12 текше метр су құйылса, көлдің тұрақты деңгейде сақталуына кепілдік беріледі. Сонымен бірге, Добын шекара бекетіндегі гидрологиялық деректерді талдау Іле өзенінің орташа ұзақ мерзімді ағыны 2001 жылдан 2020 жылға дейін 13,8 текше метрді құрайтынын көрсетті. Осылайша, бүгінгі таңда Арал тағдырының қайталануы Балқаш көліне қауіп төніп тұрған жоқ», - деп атап өтті вице-министр.


Экология министрлігі басшысының орынбасары Қытай Халық Республикасымен су бөлу жөніндегі келіссөздер процесінде қазақстандық тараптың ұстанымы Іле өзенінің ағынын кемінде 12 текше метр көлемінде ұстап тұру екенін мәлімдеді.


Сонымен қатар, вице-министр Қытай тарапы да өзінің шекарасына жақын аумақта экологиялық апаттың орын алуын қаламайды деген болжам айтты.


«Бұған 2019 жылдың қазан айында Бейжіңде өткен Бірлескен комиссияның 17-ші отырысында Қытай тарапы трансшекаралық өзендерді су бөлу туралы келісім жобасын талқылау кезінде Тараптардың экожүйелерін дамыту мен сақтау мүдделерін ескеруге келіскендігі дәлел. Бұл Балқаш көлінің экологиялық жағдайы үшін өте маңызды», - деп хабарлады Серік Қожаниязов.


Сонымен қатар, ол Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық жылдарында Қорғас өзенінде бірлескен ортақ су торабын салу және Сүмбе өзеніндегі су тарату құрылысын қайта құру сияқты бірқатар бірлескен жобалар іске асырылғанын, бұл өз кезегінде осы өзендердің су ресурстарын 50-де 50 етіп бөлуді қамтамасыз ететіндігін айтты. Сондай-ақ Үлкен Ұласты өзенінде бірлескен су тарату құрылысын салу жөнінде уағдаластық бар. Қазіргі уақытта тараптар осы өзеннің гидрологиялық режимін зерттеп жатыр.


«Біз су мәселелері бойынша екі ел арасындағы тату көршілік және тең құқықтық қатынастарды жалғастыратын боламыз», - деп түйіндеді Серік Қожаниязов.