Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, чемпионаттар мен республикалық жарыстар көрермендердің қатысуынсыз күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып өткізілді.


Жаһандану кезеңінде Қазақстанның әлемдік спорт аренасындағы спорттық имиджін одан әрі нығайту мен ілгерілетудің, сондай-ақ халықаралық спорт қоғамдастығымен ықпалдасудың маңызы зор.


«Ұлттық Олимпиада комитетімен бірлесіп, Ұлттық құрама командалардың спортшыларын Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына дайындау бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Ұлттық құрама спорттың 30 түрі бойынша қатысады. Бүгінгі таңда спорттың 22 түрінен 53 лицензия жеңіп алынды. Айта кетейік, 2021 жылғы 1 шілдеге дейін 15 лицензиялық турнир мен чемпионаттарға қатысу жоспарланған, онда олимпиадалық құрама команданың спортшылары қосымша лицензия алады. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау маңызды. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп барлық спорт кешендерінде ересектер мен ерекше қажеттіліктері бар балалардың спортпен айналысуына жағдайлар жасалады. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін елімізде 15 спорт клубы, Елордада параолимпиадалық жаттығу орталығы жұмыс істейді. Параолимпиадалық қозғалысқа қолдау көрсетіледі. Бүгінде Токиода өтетін жазғы параолимпиадалық ойындарға қатысу үшін еліміздің құрама командаларын дайындау жұмыстары жүргізілуде. Біздің спортшыларымыз спорттың 3 түрінен 9 лицензия жеңіп алды», - деді Райымқұлова халық алдындағы есептік кездесуінде.


Айта кетейік, 20 шілдеге дейін ұлттық параолимпиада құрамасы 8 біліктілік турнирінде қосымша лицензияны сарапқа салады.