Оның айтуынша, өңір өңдеу өнеркәсібі, инвестиция, ауыл шаруашылығы, құрылыс жұмыстары және тұрғын үйді іске қосу сауда, көлік қатынасы, яғни экономиканың барлық жеті бағыты бойынша оң өсімге қол жеткізілді. 


«Биыл 5 айда өңдеу өнеркәсібін дамыту саласындағы өндіріс көлемі 4,5% өсіп, 63,5 млрд. тг. құрады. Мысалы, минералды тыңайтқыштар, битум, мұнай өнімдерін өндіру біршамаға өсті. Ақтаудағы Каспий битум зауыты аталған мерзімде жалпы елімізде өндірілген жол битумының 48 процентін қамтып отыр. Биыл бұл салада жалпы құны 21 млрд 700 мың теңге болатын 8 жаңа жоба іске асырылуда. Нәтижесінде 200ден астам жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде, - деді С.Трұмов.


Сонымен қатар, ол Маңғыстау өңірі инвестиция көздерін тарту бойынша үздік аймақтар қатарында екендігін атап өтті. Жүйелі жұмыстың  нәтижесінде, облысқа тартылған инвестиция көлемі 5 айда 12,9%-ға артып, 216,1 млрд. теңгені құрады. Биыл облыста 270 млрд. теңгеге жуық қаржыға 20  инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осы арқылы 2600 адамды жұмыспен қамту көзделген. 


«Өңірге инвестиция тартуда арнайы экономикалық аймағының үлесі зор. Арнайы экономикалық аймағы ашылғалы 200 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды. Бүгінде бұл аймақта 19 өндіріс ошағы жұмыс істеп тұр. Онда 1800-ге тарта адам еңбек етуде. Алдағы уақытта шетелдік және отандық инвесторлардың қатысуымен тағы 5 жоба жүзеге асырылмақ. Мемлекет басшысының арнайы экономикалық аймағының тиімділігі мен толымдылығын қамтамасыз ету бойынша тапсырмасына сәйкес сапалы жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда», - деді С. Трұмов.