«Біздің ең басты құндылығымыз – Ахмет Яссауи кесенесі. Соның төңірегінде рухани мәдени орталық құрылды. Сондай-ақ жаңа қалыптасып келе жатқан жаңа әкімшілік орталық. Үшіншісі ескі қаланы қайта жаңғырту мәселесі, төртінші бағыт – қаланың төңірегіндегі климатқа, экологияға байланысты жобалар. Атап айтқанда, азық-түлік белдеуі, жасыл белдеу сияқты бағыттар», - деді облыс әкімі. 


Сонымен қатар, туристік орталыққа айналу үшін Түркістан тарихи-мәдени рухани орталық ретінде дамиды. Орталықты жобалау барысында шаһардың діни орталық қана емес, сонымен қатар, қазақ мемлекетінің астанасы, ХVIII ғасырда Жібек жолындағы ең үлкен сауда орталығы болғаны ескерілген.  


«Сондықтан, үлкен бір сауда кешенін салу керек деп ойладық. Мыңға жуық үй сатып алынып, сүріліп, туристер, жалпы, халық үшін өте тартымды кешен құрылды. Оған күн сайын мыңдаған адам келеді. Кешеннің ұзындығы 900 м, ені ең үлкен жерде 60-70 м жетеді. Сондай-ақ, 200 шаршы м артық жерде сауда орындары, ойын-сауық кешендері орналасқан», - деді өңір басшысы.