Оның айтуынша, Әлеуметтік қызметтер үйінде «бір терезе» қағидаты бойынша 776 қызмет түрі көрсетіледі. 150 орындық Оңалту орталығы мен мүгедек адамдарға арналған спорт кешенін салу жоспарланған.
«Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының бұрынғы ғимаратын психоневрологиялық патологиялары бар адамдарға арналған көпсалалы оңалту орталығына айналдыру қарастырылуда. Келесі жылы бос тұрған ғимаратты туғаннан бастап мүгедек балаларға көмек көрсету үшін «Ерте араласу» орталығы ретінде қайта жаңғыртуды бастаймыз. Психоневрологиялық патологиясы және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балалар мен ересек тұрғындар үшін Әлеуметтік қызметтер орталығын құруға Жобалық-сметалық құжаттама әзірлену үстінде. Өткен жылы аз қамтылған отбасы балаларына арналған «Шыңға өрлеу» жобасы бастау алды. Ағымдағы жылы 1,2 мыңнан астам бала оқытылды», - деді Б.Сағынтаев.
Бұдан бөлек, мүгедек жандарды жұмысқа орналастыру үшін өткен жылдан бастап «TenQogam» әлеуметтік қолдау жобасы іске қосылды. «Бақытты отбасы» орталықтары аз қамтылған және көп балалы отбасыларға кешенді көмек алудың бірыңғай алаңына айналды. Биыл орталық қызметін 24 мыңнан астам адам пайдаланды. «Белсенді ұзақ өмір сүру» жобасы шеңберінде 9 орталық өз жұмысын бастады. Онда 23 мыңнан астам зейнеткер тіркелген.
«Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған «ISKER ANA» бағдарламасы іске асырылуда. 2020 жылдан бастап өтеусіз гранттар ұтып алған 776 әйел өз кәсібін ашты. Жыл басынан бері «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жылдық 2%-пен несиеге тұрғын үй сатып ала алатын отбасылар саны 3,7 есеге өсті. Жергілікті бюджеттен тұрғын үй сертификаттарына бастапқы 1 млн теңге жарнаны өтеу үшін қайтарымсыз негізде 2 млрд теңге бөлінді. Оларды көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, ата-анасыз қалған жетім балалар, сондай-ақ «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламалары аясында 1 және 2 топтағы мүгедектер пайдалана алады», - деп атап өтті қала басшысы.