Серікқали Брекешевтің айтуынша, көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу Доктринасы экономиканың түрлі секторларын, негізінен энергетиканы трансформациялауды көздейді. 2030 жылға қарай энергия теңгеріміндегі көмір генерациясының үлесін ағымдағы 69%-дан 40,1%-ға дейін біртіндеп төмендету, газ үлесін 25%-ға дейін, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 24%-ға дейін ұлғайту көзделген. 


Сонымен қатар, 2023 жылдан бастап ЕО-ға енгізілген шекаралық көміртегі салығының әсер ету тәуекелдерін теңестіру міндеті тұр. 2023 жылдан бастап салық әлі де «нөлдік мөлшерлеме» бойынша болады, бұл әзірге тек әкімшілендіру (қажетті есептік ақпаратты жинау) ғана болады, бірақ 2026 жылдан бастап Еуропалық Одақ осы көміртегі салығын енгізуді жоспарлап отыр. Көміртегі салығы СО2 эквивалентінің 1 тоннасы үшін 100 евроға дейін болады деп болжануда. 


«Экспорттаушыларымыздың (қара және түсті металлургия, минералды және химиялық тыңайтқыштар, цемент, электр энергиясы) еуропалық нарықтардағы осалдығын төмендету мақсатында біз нарық ішінде көміртегі салығын енгізу және парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ақылылығы бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Екінші сыртқы фактор қазбалы отын, мұнай және табиғи газ экспортының төмендеуімен байланысты, бұл да бюджеттің кіріс бөлігінің өзгеруіне әкеледі. Үшінші фактор климаттың өзгеруіне байланысты ауыл шаруашылығының осалдығына байланысты. Атмосфералық жауын-шашын азаяды және су аздығы ұзаққа созылады деп күтілуде. Егер бүгінде ауыл шаруашылығы әдістерін өзгертпесек, шығын артады деп ойлаймыз. Бұл мәселені органикалық ауыл шаруашылығын дамыту мен су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы шешуге болады», - деп жауап берді ведомство басшысы.