«Мәселен, өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,8%-ға ұлғайды. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде - 11,2%-ға жоғары өсім тіркелді. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны - 130%-ды, құрылыс – 103,4%-ды, тұрғын үйді пайдалануға беру - 112%-ды, сауда - 104,1%-ды құрады. Өкінішке орай, биыл құрғақшылық салдарынан дәнді және майлы дақылдар өнімділігі төмен болды. Бұл ретте, өсімдік шаруашылығының өнімі 87,7% азайды, нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 95,1%–ға төмендеді. Дегенмен, жыл қорытындысына сәйкес мал шаруашылығы есебінен ауыл шаруашылығы көрсеткіші бойынша оң динамикаға шығуды жоспарлап отырмыз», - деді облыс басшысы. 


Сонымен қатар, өңірде қолайлы инвестициялық климат құру бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Инвестиция тарту өңірдің дамуына қосымша серпін береді. Осыған орай 2021 жылдың 9 айында өңірге 558 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл жоғары көрсеткіштердің бірі. О.Оңдасыновтың айтуынша, өңірлер арасында облыс алғашқы бестікке еніп, төртінші орынға тұрақтаған.  


«Жыл соңына дейін 800 млрд теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланған. 30 инвестициялық жобаны жүзеге асыру аясында 1000 астам жұмыс орны ашылды», - деді өңір әкімі.